. Бастауыш сынып сайты-Инклюзивті шеберхана - Ұлы Жеңіс
Бастауыш-Началка
Сб, 19.10.2019, 08:33
ГлавнаяРегистрацияВход Қош келдіңіз Гость | RSS
Сайт мәзірі


Чат
50

Сауалнама
Сайттағы конкурстар қажет пе?

Всего ответов: 1038

Статистика

Онлайнда барлығы: 1
Қонақтар: 1
Қолданушы: 0

 Құрметті сайт қолданушылары!
Ұлы Отан соғысы тарихта мәңгі орын алған "жан жарамыздың бірі" екені анық.
Ендеше, қан майданда  қаза болған немесе хабарсыз кеткен жақындарыңыз болса,
жеңіспен елге оралған туыстарыңыз болса,
сол ерлерді, хас батырларды мына 
"ЕСКЕ АЛУ" парағына жариялауға, рухына тағзым етуге мүмкіндік бар.
"Ер есімі-ел есінде" дегенді ұмытпайық!
Мына сілтемені басыңыздар!
Даңқ мемориалы
 
 
 

Партизан Қ. Қайсенов туралы. 
Маса. KZ-тен алынған   http://masa.kz/article/view/id/3156

Әлемдегі әрбір халықтың бетке ұстар тұлғалары мен даңқты батырлары болады. Олар халықтың басына күн туып, қиындықтарға тап болғанда, халықтың ішінен суырылып шығып, отқа, суға түсуге, қан төгіп, жан беріп қорғауға бел байлап шығады. Қазақ халқының ішінен шыққан осындай батырлардың бірі және бірегейі – Қасым Қайсенов еді. 

Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданындағы «Асубұлақ» ауылында туылған. Ауылда орталау мектепті бітіріп, 1934 жылы Өскемен қаласындағы Республикалық саяси ағарту техникумына оқуға түсіп, 1938 жылы бітірген. Сол жылы техникум жанынан ашылған Саяси ағарту курсына басшылық етті. 1938 жылы Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспекторлық қызмет атқарды. Сол жылдың қысында Әскери барлаушылар училищесіне оқуға жіберілді. Осы училищені 1941 жылдың қазан айында оқуды бітірісімен басқыншылар қолында қалған Украина жеріне партизан қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі ретінде жау тылына жіберілді. 1944 жылдың аяғына дейін жау тылында Украина, Молдавия, Карпат тауының арғы жағындағы жерлерінде партизан отрядтарына (полктарына) басшылық етті. 1945 жылдың басында елге оралып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінде, кейін Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында аудандық атқару комитеттері төрағаларының орынбасарлары болып қызмет атқарды. Кейіннен әртүрлі қызмет атқара жүріп жазушылыққа бет бұрды.

Ол соғыс кезінде «Богдан Хмельницкий» ордені мен 1-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен екі рет, «Чехословакия партизаны» ордені, және жиырма бес Кеңес Одағының және шетелдердің әртүрлі медальдарымен, Қазақ ССР-нің «Құрмет грамотасымен» және «За заслуги» орденімен марапатталды. Батырға       1995 жылы «Қазақстанның Халық Қаһарманы» деген атақ пен армия полковнигі деген шен берілді [1].

Батырдың жорық жолдарына назар аударсақ,  ол 1939 жылы әскери барлаушылар мектебіне қабылданып, оқуды 1941 жылдың күзінде бітірді. Бұл жай ғана мектеп емес еді. Аса күшті дайындықтан өткен жауынгер қорғану, соғысу өнерін жетік үйреніп, адам өлтірудің 120 тәсілін меңгерген. Ол туралы өзі қайтыс болардан бір-екі жыл бұрын «Хабар» телеарнасының «Үзеңгі жолдас» деп аталған бағдарламасында жүргізуші Ж. Шаштайұлымен 1 сағатқа жуық әңгімелесіп отырғанда өзі айтқан  еді.

Партизандардың ұйымдастырушысы ретінде 1941 жылдың  қараша айында Оңтүстік-Батыс майдан штабының қарамағына жіберілді. Майдан штабы оны арнайы тапсырмамен жау жайлаған Украина жеріне парашютпен түсірді. Ол 1941-1942 жылдары Киев, Полтава облыстарында астыртын ұйым жұмыстарына белсенді қатынасып, Чапаев атындағы партизан құрамасын ұйымдастырып, кейін сол партизандар құрамасының № 3-ші партизан отрядына басшылық етті.

1943 жылдың қыркүйек айының 21 күні Чапаев атындағы партизан құрамасы Кеңес Армиясымен қосылғаннан кейін оны тағы жау тылына жіберді. Ол төрт рет арнайы тапсырмамен жау тылына – Украина, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерлерінде партизан отрядын басқарды. 1944 жылдың қараша айының екінші жартысында Қ. Қайсенов отряды Карпат тауында 4-ші Украин майданы әскери бөлімдерімен қосылған соң 1945 жылдың басында туған еліне оралды [2].

Қасым Қайсенов соғыс басталған сәттегі бір оқиғаны былайша баяндаған: «Кескілескен соғыс жүріп жатты. Канев қаласы түбінде, ұлы Тарас қабырына таяу жерде 1941 жылы орыс жазушысы Гайдар жаумен шайқасқан еді. Әскери тілші ретінде жүрген ол Днепрге салынған көпірді ерлікпен қорғаушылар арасында көп уақыт болған. Кеңестік жауынгерлерге  Тарастың сом құйылған тұлғасы биіктен қарап тұрғанда нашар соғысу мүмкін емес еді. Сірә, сол кезде Тарас өзінің биік мінбері үстінен жау жарқанаттарының дарылын естіп, оларға толассыз оқ атқан көпірді қорғаушылар тілегін тілеп тұрған да шығар. Аркадий Гайдар ақырғы демі қалғанша көпірді қорғады. Ал, кейін шегінуге тура келген кезде ол украин партизандарының арасында қалды. Кейін біз бұл ержүрек орыс жазушысының сүйегі «Золотонош» деп аталатын кішкене бір украин қаласының маңында ұлы ақынның табаны жерге тиген жерінде қалғанын естідік» [3]. Яғни, бұл батырдың соғыс кезіндегі естіген әңгімесі екен.

Соғыс кезіндегі оқиғаларды Қасым Қайсенов: «Украина жеріне басып кірген гитлершілдер қалалар мен селоларды талқандап, өртеп, ескерткіштерді қиратумен болды. Олар тек бір ғана Кобзарьдың ескерткішіне тиіспеді. Басында бұған біз, партизандар таңданысып жүрген едік, бірақ кешікпей-ақ, фашист сілімтіктерінің «қайрымдылығының» сыры да мәлім болды. Басқыншылар украиндардың даңқты ұлы Тарасқа деген сүйіспеншілігінде шек жоқ екенін білді, сөйтіп одан өздеріне бір пайда таппақшы болды. Фашистер тіпті Кобзарьдің ескерткіштерін қорғау жөнінде арнайы бұйрық та шығарды. Гитлершілдер бұл арқылы украин халқының сеніміне ие боламыз деп те дәмеленді» деп жазды [4].

Қ. Қайсеновтің Григорьевка селосы тұсындағы Днепр шайқасының шындығы туралы мәліметері жеке мұрағат қорында сақталған. Оған назар аударсақ, соғыс кезінде Украинаның астанасы Киевті азат етуге бағытталған атақты Букрин плацдармын Днепр шайқасына дайындап құруда маңызды рөл атқарған жауынгерлер басшыларының қатарында белсенді қызмет атқарған. Шайқас алдында ол жауынгерлерімен бірге Қызыл Армияға көмек көрсету үшін Днепрдің сол жағасындағы Котцковский орманында дайындалып жүрген болатын. Дәл сол уақытта Чапаев атындағы партизан отрядының командирі Иван Кузьмич Примак Қасым Қайсеновке 3-ші отрядынан 120 адамды алып, оң жағалауға шабуылға шығуды тапсырып, жауынгерлердің батыл көмегімен плацдармды алу және онда тәулік бойы жауды тоқтатып тұруы керек болды. Бұл оқиға 1943 жылы 21 қыркүйекте жауынгерлердің жартысынан айырыла отырып, оң жағалауға өткенде Григорьевка селосын алғанда болды. Ізінше осы Букрин операциясының алғашқы шайқастары басталған болатын. Ондағы басты мақсат Киевті азат ету еді.

Жау тылына аттанған жауынгерлердің мақсаты Қызыл Армия бөлімшелері келіп жеткенше жауды бөгеп тұру еді. Неміс-фашистері сол кезде Днепрден өтіп бара жатқан жауынгерлерді бомбылап, жағаны жарқыратып көрсететін ракеталармен үздіксіз атқылаған, онымен қоса пулемет, минометтермен атқылап, оқ жаудырған. Кеңестік жауынгерлер шайқаса отырып, түнгі сағат 2 шамасында қаруластарының жартысынан айырылса да, жағаға шығып, жауға шабуылдап Григорьевка селосын алған. Бұл жерде жаудың танк және машиналары тұрған. Онда село көшелері тар болғандықтан танктер шабуылға қаурыт шыға алмай қалған. Нәтижесінде немістер техникаларын тастап қашып, село партизандардың қолына өткен. Осы уақытта партизандарға Қызыл Армиядан көмекке жауынгерлер де жетіп, ары қарай бірлесе отырып, Зарубенец және Луковец хуторларын алып, 1943 жылы 22 қыркүйек күні күндізгі сағат 12-де Қызыл Қызыл Армияның негізгі құрамалары келіп қосылғанша  ерлікпен шайқасып жауды тежеп тұрған.

Шайқас жүріп жатқанда десантшылар тобының командирі Александр Тканко және Роберт Кляйн Харьков қаласына барып,  онда Н.С. Хрущевқа жолығып, өздерін плацдарымды басып алған отряд командирі ретінде таныстырған. Ондағы мақсаттары жаудың өтіне кеткен Қасым Қайсенов пен оның жауынгерлері қаза тапты, енді ешқандай айғақ жоқ, біздің айтқанымызға бәрі сенеді деп ойлаған. Сондай-ақ, олар сол жерде ешқандай күмәнсіз Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Сол сәттен бастап олардың ерліктері туралы газеттер тілшілері жаза бастаған, кейін бұл келеңсіз бұрмаланған мәлімет «Украин ССР-і Кеңес Одағының 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында» деп аталатын кітапта 1968 жылы Кеңес Одағының Батыры Александр Тканко аталған [5]. Шайқаста ерлік көрсеткендер үшін Кеңес Одағының Батыры атанған 4 адам Қасым Қайсенов бастап барған жауынгерлері арасында қайықшылармен өткізілген екен. Яғни, шайқастан кейін нағыз ерліктер көрсеткен жауынгерлерге марапаттау түгілі рахмет те айтылмаған.

Днепр шайқасына қатысты зерттеушілердің еңбектеріне назар аударсақ, жалпы шайқас Днепр өзенінің бойында 1943 жылдың 26 тамызынан 23 желтоқсанға дейін жалғасқан қарсылас екі жақтың майданды басқарған қолбасшыларына келсек, Қызыл Армия бөлімдерін басқарғандар – Г.К. Жуков,  К.К. Рокоссовский, И.В. Конев, Н.В. Ватутиндер болса, немістер жағынан Эрих фон Манштейн, Гюнтер Ханс фон Клюге әскери құрамаларды бастап барған. Соғысушы екі жақтың әскери күш-қуатына тоқталсақ, Кеңес Одағынан 2650000 солдат, 51000 қару, 2400 танк, 2850 ұшақ шығарылған, ал немістер жағынан 1250000 солдат, 12600 қару, 2100 танк, 2000 ұшақ шайқаста пайдаланылған. Ұрыс барысында әскери шығындар екі жақтан көп болған. Мысалы, Кеңес Одағының адам шығыны – 1,5 млн. құраса, немістер жағынан – 1,6 млн. адам шығыны болған. Жалпы екі жақтан 4 млн. адам шайқасқа қатысқан. Днепрдегі шайқас 1400 шақырымға созылып, Смоленскіден Азов теңізіне дейінгі аралықты қамтып, әр жерінде түрлі әскери-операциялар орындалып, 2 кезеңнен тұрған және 4 ай уақытты қамтыған. Бұл алапат тарихи маңызды шайқас әлемдік шайқастардың қатарына саналып, 1943 жылғы Сталинград, Курскіден кейінгі Днепр шайқасы үшінші үлкен шайқас деп есептеледі [6].

Батырдың соғыстан кейінгі уақытта майдандастарымен хат жазысуының бір себебі, соғыстың бұрмалана бастаған түрлі оқиғалары себепкер болған. Мәселен, соғыстан аман қалған партизан достарының ішінде Радион Федорович Груша: «Құрметті Қасым Қайсенов! Мен ойлаған едім, Сізді Букрин плацдарымы туралы мақалаға қуандыма деп, сөйтсем керісінше ренжітіп алған екенмін. Сондықтан, шындықты күткен қателік үшін кешірім сұраймын. Шынымды айтсам, бұл жерде менің кінәм жоқ. Мен өз мақаламды сіздің кітабыңызға сүйеніп жазған едім, бірақ, редактор Ұлы Отан соғысының тарихы туралы кітапқа сілтеме жасай отырып, өзгерістер жасап жіберген екен. Оның айтқаны осыған келіспесең мақала жарыққа шықпайды деген еді. Мен оған келісуге мәжбүр болдым. Ал, соғыс тарихында Букрин  плацдарымы туралы құпия бар.

Кеңес үкіметі Переяслав партизандарының әскери қимылдары мен ерліктерін бағалады. Олардың көпшілігі орден және медальдармен марапатталып, десантшылар тобының командирі А.В. Тканко «Кеңес Одағының Батыры» атағын алды. Ал, партизандар құрамасының командирі И.К. Примак «Богдан Хмельницкий» орденімен марапатталды. Одан басқа, мақалада лейтенант Синашин туралы және соғысқа қатысқан 4 батыр аталады.

Мен Сізден, майдан жайлы шындықтарды жазуыңызды сұраймын. Сондай-ақ, партизандардың фотолары қажет. Олар біздің музейлер үшін керек. Жіберуіңізді өтінеміз. Алда келе жатқан Ұлы Октябрь мерекесімен құттықтаймын деп аяқтап, өзінің тұрғылықты мекен-жайын: 256800. Киев облысы, Мироновка қаласы, Франко көшесі, 41 үй, Радион Федорович Груша, 31.Х. 1984 жыл.» [7] деп хатын жолдаған екен.

Қасым Қайсенов соғыстан кейін украиналық партизан досы Радион Феодрович Грушаға: «Құрметті Радион Феодрович! Сіздердің территорияларыңызда Иван Кузьмич Примак Саяси бөлімнің ұйғарымымен № 8 Қызыл Армия құрамасынан қалдырылып, оған 1941 жылдан бастап Чапаев атындағы дивизия құрамын жасақтау тапсырылған. Ол оны ойдағыдай құрып, командирі ретінде басшылық жасады. Яғни, 1941-1942 жылдары партизан құрамасын жасақтап, соғысқа дайындалғанда 4 отряд топтастырылған. Олардың командирлері ретінде мынадай адамдар тағайындалды: 1) Нагацев Федор Степанович; 2) Қайсенов Қасым (Вася); 3) Попов Николай Михайлович; 4) Клопов Василий Матвеевич; 5) Абраменко Николай Михайлович; 6) Алексеенко Григории Давыдович; 7) Гаман Иван және тағы басқалар бар еді. Біздер шайқас алдында 1943 жылы Переяслав партизандарымен қосылдық, осы құраманың басшысы  Григорьевка селосының азаматы Емелян Ломако болды. 1943 жылы Чапаев дивизиясының құрамасындағы бір топты Е. Ломако басқарып, партизандық қозғалысқа кіріскенде ондағы белсенді жауынгерлердің есімдері төмендегідей еді: «1) Яковец Дмитри Никитович; 2) Спижевой Константин Иванович; 3) Спижевой Григории Силеверстович; 4) Горевенко Силевестр Григоревич; 5) Гром Михайл Антонович; 6) Проценко Ильия Артемович; 7) Янцелевич Анатолий Совенович және тағы басқалары да қатысқан.

Мен Иван Кузьмич Примакпен 1942 жылы Македон селосындағы Николай Абраменконың пәтерінде таныстым. Бұлар өте қажырлы еңбек етіп, 1943 жылы ерлікпен қаза тапты. Партизандар тізімі мен фото суреттер өзімде көп сақталған еді. Менде Иван Кузьмичтің түрлі фотолары бар. Партизандардың фотоларын алдағы уақытта көбейтілген нұсқаларын жіберейін.

Қазір Александр Василевич Тканко Черкас қаласында тұрады. Ашығын айтсам, ол бірқатар атақты партизандардың қаза табуына себепші болды. Орынсыз бұйрықтармен  жаудың өтіне айдап салып отырды. Оның Кеңес Одағының Батыры атағын алуы келеңсіз жағдай. Мәселен, шайқас жүріп жатқанда ол Григорьевка селосының маңына да жоламаған. Бар болғаны штабта Н.С. Хрущевтың қабылдауында болған» [8] деп жауынгер досына хатын 1984 жылдың 27 қыркүйекте аяқтаған.

Енді осы мақаланы жазып нақтылай түсу үшін Украина жеріне барып қайтқан сапарым жайлы айта кеткенді жөн көрдік. Мені 2011 жылдың 13-14 мамыр күндері өтетін ІІ Бүкілукраиндық оқуларға (халықаралық конференцияға) таныстарым шақырған еді. Мамыр айының 12 күні славиян халқының өсіп-өнген қасиетті жері Украина жеріне табан тіредім. Алдымнан қарсы алған таныстарым өздері қызмет жасайтын Переяслав мемлекеттік университетіне алып келді. Кешке қарай Днепр шайқасының бір құрамды бөлігін құраған Григорьевка селосына қарама-қарсы сол жағалауға табиғат аясына алып барды. Сол жерде жүргенде Иван Андреевич Капась дейтін әріптесім қолын оң жағалауға нұсқап тұрып, анау жердегі биіктігі 100 метрден асатын жарғабақтан немістер келіп, бергі жағынан кеңес әскері аттанып, алапат шайқас өткен дейді. Оған сіздің жерлесіңіз Қасым Қайсенов партизандарымен шайқасып өткен деп нақтылап түсіндіріп тұрды. Кешке қараңғы түсердің алдында Украина жеріне келген қонақтар – А.Н. Невежин (Ресейден), Р. Шевченко (Молдавиядан), Қ.А. Енсенов (Қазақстаннан) және украиналық жас ғалымдар Тарас Ногайка, Алексей Лукашеевич, Виталий Куцор, Иван Капасьтармен бірге оң жағалауды бетке алып бірге фото суретке  түстік. Өйткені, оның өзі тарихи орын және тұрған сәтімізде болашақ үшін тамаша естеліктер болмақ.

Келесі, 13 мамыр күні халықаралық конференция өтті. Оған бүкіл Украинаның жер-жерінен жас ғалымдар жиналды. Украиндықтарға ерекше разы болғаным, береке-бірлігі бар халық екен. Біреуі баяндама жасағанда қалғандары соншалықты мұқият тыңдап отырды. Сондай-ақ, барлығы ана тілінде баяндама жасады. Конференцияға қатысқандардың барлығы 90 адам шамасында болды.

Одан кейінгі күні украиналық әріптес жас ғалымдар өздерінің елі мен тарихи жерлерін таныстыруға біздерді ертіп шығып, Переяслав қаласындағы бұрын Вознесенкий  шіркеуі болған, қазір соғыс мұражайына алып барды. Ғимарат маңдайшасында: Украина «Министерство культуриі туризму ноциональний історико-этнографический заповедник – переяслав». Музей-Діорама «Бытва за дніпро в районі переяслава І створення Букринского плацдарму восени 1943» деп жазылған. Яғни, бұрынғы шіркеу ішіне қазір музей орналастырылған. Ішіне кірсек, Днепр шайқасының үлкен суреті қойылыпты, одан басқа партизандардың киімдері, қарулары, фото суреттері, жорық жолдарын көрсететін карталар тұр.

Дәл сол жерде Қасым Қайсеновтің «Переяслав партизандары» деп аталатын кітабы және соғыстан кейін барып, партизан достарымен түскен фотолары бар екен. Сол жердегі фото суреттердің ішінен әріптестерім Татьяна Похолок есімді украин әйелінің фотосын көрсетті. Ол кезінде Қ. Қайсенов партизан достарымен арасында селоға келіп жүргенде араласқан және оларға жасырынып келіп-кетіп жүргенде көмек көрсеткен күрескер әйел болған дейді. Онымен әріптестерім 2009 жылы кездесіп, тірі куәгер ретінде барлық көрген-білгенін сұрап жазып алған екен. Мен қайтарда ол кісіге жолықпақ болып сұрастырған едім. Өкінішке орай, ол 2010 жылы қайтыс болып кеткен екен.

Жалпы, Украина жеріне іс-сапарым сәтті болды. 4 қаласын көрдім (Киев, Борисполь, Переяслав-Хмельницкий, Канев). Тарихшы әріптестерім арнайы Канев қаласына да апарды. Онда Тарас Шевченко жерленген екен. Ол қаланың ортасынан Днепр өзені ағып өтіп жатыр. Расында өте үлкен дария ғой. Қаншама уақыт тарихи оқиғалар болып өткен жер.  

Қ. Қайсеновтың әскери тақырыптағы  шығармаларының негізі екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі өз басынан кешірген қиын-қыстау оқиғалары, фашистермен бітіспес қатал да қанды шайқастар, өзі қатысқан және басқарған халық кегін алушылардың қарулы күресі. Ол тарихи шындықтан шықпай өзінің басынан кешірген оқиғаларын жазды. Еңбектерінің топтамаларына жас ұрпақты патриотизмге баулыйтын, ерлікке шақыратын таңдамалы  әңгімелері, повестері кірді. Ол отызға жуық кітаптардың авторы.

Қорытындылай айтсақ, қазақ халқының атақты батыры Қасым Қайсенов туралы деректі фильмдер түсіріліп, зерттеу еңбектері жазылуы керек. Оның барлығы болашақ ұрпақ тәрбиесі мен ел тарихы үшін өте маңызды шаралалар болмақ.  Әлемдегі кез келген халық ұлы тұлғалары, ақындары мен батырлары арқылы мәңгі жасайды. Қазақ халқы: «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген ғой. Сондықтан, қазақ халқы бар кезде оның адал перзенттерінің де аты ешқашан ұмытылмақ емес.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі:

1.ҚРОММ. 2368-қ., 1-т., 264-іс, 4-п.

2 . ҚРОММ. 2368-қ., 1-т., 264-іс, 5-п.

3. ҚРОММ. 2368-қ., 1-т., 67-іс, 2-п.

4. ҚРОММ. 2368-қ., 1-т., 67-іс, 3-4-пп.

5. Черненко А. Партизан из рода батыров // Вечерний Алматы, 16 апрел, 1998 г. С. 3.

6. Афанасьев В. Битва за Днепр // Обозреватель, №1. -  2010. -   С. 1-7.

7. ҚРОММ. 2368-қ., 1-т., 248-іс, 3-4 пп.

8. ҚРОММ. 2368-қ., 1-т., 248-іс, 1-2 пп.

ҚАНАТ ЕҢСЕНОВ, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты


Жас Алаш №37 (15495) 12 мамыр, сәрсенбі 2010
                                                                             
Даңқты батыр неге елеусiз қалды?
Талғат Бигелдинов

Қазақтың қаһарман ұлы, авиация генарал-майоры, үш мәрте КСРО Жоғары Кеңесiнiң депутаты болған, екi мәрте Кеңес Одағының Батыры, сондай-ақ, соғыста көрсеткен ерлiгi үшiн «Қызыл Ту», екi рет 1-шi және бiр рет 2-дәрежелi «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», «Ленин» «Александр Невский», 3-дәрежелi «Даңқ» және басқа да бiрнеше орден, медальдармен марапатталған, Ұлы Отан соғысында 305 жауынгерлiк ұшуды орындаған, 500 сағат өмiрiн аспанда өлiм мен өмiр арасында өткiзген, көзi тiрi кезiнде-ақ ерлiгi аңызға айналған Талғат Бигелдинов жеңiстiң 65 жылдық мерейтойында елеусiз қалды. Неге билiк қазақтың атын әлемге танытқан даңқты батыр ұлын ардақтап, сыйламады? Неге Талғат Бигелдинов жеңiс мерекесiн елiмен бiрге емес, жападан-жалғыз қарсы алды?

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ҰЛЫНА АЛҒАШҚЫ ҚАТАРДАН ОРЫН БЕРУГЕ ЖАРАМАДЫ
Қазақтың қыранына айналған Талғат ағаның отбасына қоңырау шалдық. Жай-күйiн, тұрмыс-тiршiлiгiн бiлу, дидарласып, тiлдесу мақсатында. Тұтқаны жұбайы Орынбике апай көтердi. Мән-жайды айттық. Арнайы шақырумен Астанаға жол жүргелi тұр екен. Ақ жол тiлеп, сәтi түскен күнi әңгiмеле­суге келiстiк.
Арада 2 күн өткенде апай хабарласты. Жабырқау үнмен. «Сiңлiм, уақытың болса бiздiң үйге кiрiп кетшi. Ағаңнын айтатын сөзi бар едi», – дедi. Құп дедiк. Мерекеге бiр күн қалғанда Талғат Бигелдиновтың қара шыңырағына бас сұқтық. Отағасы саяжайға кеткен екен. Орынбике апай қарсы алды.
– Кеше Астанадан келдiк. Мiне, барған сәтте мынаны ұстатты, ашып қараңдаршы, – деп сөз бастаған апай қолы­мыз­ға екi шақыру билетiн бердi. Астана қаласындағы Тәуел­сiздiк сарайында өткен мере­келiк концерттiң шақыру би­летi. Аштық. Екеуiнде де еш­кiмнiң аты-жөнi жазылмаған. Сия тимеген. «Ұшақтан түске­нiмiзде ағаңның қолына осы шақыру билеттерiн ұстатты. Қонақүйге келгенде мынаны бердi», – деп және бiр билеттi көрсеттi. Онда былай делiнген: «Құрметтi Т.Я.Бегельдинов! Сiздi Қазақстан Республикасы президентi Н.Ә.Назарбаевтың атынан Ұлы Отан Соғысы Жеңi­сiнiң 65 жылдығы мен Отан қорғаушылар күнiне орай ұйымдастырылатын қабылдауға iлтипатпен шақырамыз».
Сонымен, 18 жылдан берi жан жары болып келе жатқан Орынбике апайға шақыру би­летi табылмаған. Ал аты аңызға айналған қазақтың батыр ұлына Тәуелсiздiк сарайының 17-қатарындағы 17-орын бұйырыпты. Шақыру президент Н.Назарбаевтың атынан түскен. Сонда қазақтың қаһарман ұлына президент немесе оның нөкерлерi алғашқы қатардан орын беруге жарамағаны ма?
 
ҮШ-АҚ САҒАТТЫҢ IШIНДЕ «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» «ОТАНҒА» АЙНАЛЫП КЕТТI
– Астанаға ұшу үшiн аэропортқа билет алуға бардық. Ағаңның атына жазылған жалғыз билетте 5 адам тiркеулi тұр. Яғни, бiр билеттi 5 адамға рәсiмдеген. Ал менi атқосшы қызметкер деп құжат дайындағандары несi? Менiң атымнан өз беттерiнше есепшот ашқандары қалай? Бұл заңсыздық, басынғандық қой, – деген апай: «Негiзi, менi президентке, iшкi iстер және мәдениет министрiне хат жаздың деп кiнәлайды. Хат жазғанда бiреуге кiнә артқан жоқпын. Бар мақсатым, ерiм елеусiз қалмасын деймiн. Қаны қазақ, көзi тiрi ардагер батыр. «Халық қаһарманын» бер деп талап еткен жоқпын. Неге берiлмей келе жатқанын, неге бағаламай жүргендерiн сұрадым. Өйткенi, кiмдi көрсем, тiптi жастардың айтатыны да осы сұрақ. «Неге Отан үшiн басын бәйгеге тiгiп, ерлiк көрсеткен көзi тiрi Талғат Бигелдиновке билiк «Халық қаһарманын» қимайды?» дейдi. 
Айтпақшы, өткен жылы ағаңа «Отан» орденiн берместен бұрын марапаттаушылар хабарласқан-ды. «Халық қаһарманын» беремiз деп. Сонда небәрi үш-ақ сағаттың iшiнде «Халық қаһарманы» «Отанға» айналып кеттi. Неге? Не себептен бұлай болды. Әлi күнге бiлмеймiз. Кезiнде қазақ екенiн, қазақ деген батыр ұлт бар екенiн көрсеттi емес пе? Халық шулады ғой сол кезде. Неге бұлай болды деп. Бiрақ, ағаң ләм-мим демедi. «Халық қаһарманы» қарапайым еңбек адамдарына да берiлiп жатыр. Талғат Бигелдинов сол адамдар құрлы болмағаны ма? Мейлi, қаһарманын да бермей-ақ қойсын. Өтiнiшiм, тек атын қайтыс болып кеткен батырлармен қоса қатар айтпасыншы», – дедi жыламсырап.   
 
БИГЕЛДИНОВ СЫЗ ӨТКЕН ҮЙДЕ ТҰРЫП ЖАТЫР. ӘКIМНIҢ БҰДАН ХАБАРЫ БАР МА?
Орынбике апаймен әңгiме-дүкен құрып отырдық. Теле­фон­ға тыным жоқ. Апай: «Мыналарға не болған? Жаңа ғана тым-тырыс едi ғой», – дедi таңданысын жасырмай. «Медаль беруге келедi дейдi. Құрметтесе, аудан әкiмi осы уақытқа дейiн қайда болды? Неге сұрамайды? Мәселен, мына асхананың қабырғасы көгерiп кеттi. Үш ай бойы төбеден су ағып тұрды. Аудан әкiмшiлiгiнен көмек сұрадық. Бiрақ, әлi күнге өзге­рiс жоқ. Үнсiз», – дедi. Осы сәтте Медеу ауданының әкiмi Махамбет Бейдалы есiк қақты. Аман-саулықтан кейiн: «Құр­мет­тесең, осы уақытқа дейiн қайда болдың?», – дедi апай батыл, тiк мiнезiне салып: «Кеше Ақордаға шақырды. Бардық. Алдап шақырыпты. Мерекесi ғой, бауырым. Екi мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын ал­ған 120 азаматтың iшiндегi бiр ғана азиат. Қазақ ұлтының ұлы. Төрлерiңнiң көркi. Ұшар сәтте Бейдалы қайда жүр деп сұрады. Астанаға барғанда, тiптi аты-жөнi жазылмаған шақыру билетiн бердi. Бұлай «құрмет» көрсетедi екен, несi бар орнымыздан қозғап? Неге бұлай жүйкемiздi жұқартып жүр? Ең болмағанда ақ шашын сыйласа неттi. Ағаң: «Марапаттаудың керегi жоқ. Мүмкiн соңғы рет шығар. Президенттi бiр көрсем, дидарлассам деп едi», – дедi. Аудан әкiмi сыйлығын табыстап тұрып: «Қарсы алмады ма?», – дегеннен басқа ешқандай уәж айта алмады. Орынбике апай тиiстi орындарға жазған хатын және шақыру билетiн әкiмге көрсеттi. Сондай-ақ, Астанаға барғанда шетелдiк жур­налистердiң құшақтап: «Алақанға салып аялайтын азаматтарың бар екен» , – деп жиналғандарға айтқанын тiлге тиек еттi. Бiрақ, сол сәтте көзi тiрi­сiн­де басымызға көтерiп жүруге лайық қаһарманымыздың көңiлiне қатты кiрбiң түскенiн шетелдiктер қайдан бiлсiн.
 
«КIМ КIНӘЛI? АНЫҚТАСЫН»
Сонымен, 8 мамыр күнi Талғат ағамен жүздесе алмадық. 9 мамыр күнi таңғы сағат 7.00-де қайта бiр құшақ гүлiмiзбен есiк қақтық. Аты аңызға айналған Талған Бигелдинов «балаларым» деп қуана құшақ жайып қарсы алды. Тың екен. Ризашылығын бiлдiрiп, рахметiн жеткiздi. Содан кейiн ойланып былай дедi: «Менiңше, бұл арнайы жасалған күндестiк. Неге? Полковник Бақыт Мұхамеджанов қоңырау шалды. Күтiп аламыз дедi. Бардық. Кiм екенiн бiлмеймiн, бiр майор тұр. Қарсы алуға келдiм деп. Тағы кiм бар? Ешкiм жоқ. Қонақүйге алып барды да, ол да кеттi. Күн батқанға дейiн бiрде-бiр адам келмедi. Әйтеуiр, шақыру билетiн бердi.17-қатар, 17-орын. Бұл – қорлық, өте ұят, мас­қара. Екi мәрте Кеңес Одағының Батыры, генерал-майорға деген құрметi осы ма? Жолдасымды елемептi де. Ресми кездесу болса бiр жөн. Концерт қой. Бармаймын деп шештiм. Ақылдастық та қайта Алматыға ұштық.
Президенттiң: «Отан үшiн отқа түскен, болашақ ұрпақ үшiн жаумен соғысқан ардагерлердi құрметтеп, қадiрлейiк», – деген жарлығы қайда? Жалпы, соғыс ардагерлерiн құрметтемейтiндерiн көрсетiп бердi. Мына аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Ким Серiкбаев, Алматы қаласы ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Ерiнғали Шайхудиновтен бастап, бәрi. Әй, Алматы қаласы, Медеу ауданында, Қазақстанда, тiптi Орта Азия бойынша екi мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған адам бар едi деп, құрметтесе неттi? Жоқ. Республикалық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Қайырбек Сүлейменов: «Ағатай, жағдайың қалай, жақсы жайғастың ба?» – деп сұрауға мiндеттi. Оған жарамады. Бiреуi де қарасын көрсетпедi. Не деген сұмдық бұл? Менi масқара ету үшiн Астанаға шақырды ма сонда? Соғыс ардагерлерiн құрмет­теу­дi де бiлмейтiн мұндай адамдардың басшылық жасауына мүлде қарсымын. Қуу керек. Бұл қызметте соғыс ардагерлерiнiң жан-дүниесiн жақсы ұғатын, соғыстың қасiретiн, миллиондаған адамдардан айырылудың қандай екенiн, әлi күнге денесiне кiрген оқпен өмiр сүрiп жүргендердiң мұң-мұқтажын сезiнетiн адамдар қажет. Керек болса бұл сөздi халықтың алдына шығып айтамын. Назарбаев менiң бұл күйiмдi бiлмейтiн шығар. Жеткiзiңдер. Бастысы, кiм кiнәлi? Не үшiн, не себептен бұлай жасады? Анықтасын.
Кеңес Одағының Батыры атан­ғанымда туылмаған азаматтар: «Екi рет жұлдызын алды. «Отан» және «Даңқты» бердiк. Саған және не керек?», – дептi апайыңа. Атақ, абырой үшiн емес, Отан, халқым үшiн күрестiм. Сондықтан да мына қос жұлдызды бердi. Бұған ешкiмнiң таласы жоқ».   
Талғат аға бiзбен бiр жарым сағаттай әңгiме-дүкен құрды. Естелiктерiн айтып, майдандас достары туралы сыр шерттi. Бiрақ, сырттай iштегi ренiшiн сездiргiсi келмей, езу тартса да жанарында мұң тұрды. Бiзге сол сезiмiн аса бiлдiргiсi келмедi ме, Талғат аға жұрт жиналып жатқан «мәңгiлiк алауға» емес, тау жиегiндегi саяжайына, ондағы бал араларына асықты. Әзiл-қалжың айтып, бiзбен қоштасты. Сөйтiп, Орта Азия бойынша көзi тiрi жалғыз екi мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов жеңiстiң 65 жылдық мерейтойын халқымен бiрге емес, жападан-жалғыз қарсы алды. Талғат аға айтпақшы, бұған кiм, кiмдер кiнәлi екенiн мемлекет басшысының жеке өзi бақылауға алар, бәлкiм?
Дилара ИСА







 
Сайтқа кіру

Іздеу

Күнтізбе
«  Қазан 2019  »
ДсСеСәБеЖұСбЖе
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Сайт достары
  • Ресми блог
  • uCoz-қауымдастығы
  • FAQ
  • uCoz-нұсқаулар

  •  


    Банк Интернет-портфолио учителейРадио для всех - юные радиолюбители Рейтинг@Mail.ru

    Бастауыш сынып сайты@Джумартова Ж.М.


    Verification: 2565ec65a513af9bb884567f6842a683